Мейірімді болса жүрек – орындалар тілек » "Қазалы ауданының білім бөлімінің Қ.Күлетов атындағы № 92 орта мектебі" коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Қызылорда облысы білім басқармасының
Қазалы ауданы бойынша білім бөлімінің
"Қ.Күлетов атындағы №92 орта мектебі"
коммуналдық мемлекеттік мекемесі
Қабылдау бөлімі :
+7(72636) 43-50-93
Есепші бөлімі:
+7(72636) 23-11-37
Нашар көрушілер
нұсқасы
» » » Мейірімді болса жүрек – орындалар тілек
13
декабрь
2017

Мейірімді болса жүрек – орындалар тілек

Ән: Сәлем саған, туған ел

Қазақтың жақсы қасиеттерінің асылы – жомарттық, кең пейілділік. Ол адамға қызмет қылып, жақсылық жасауға пейілді жанға тән сипат. Жомарт болу — өзіңде барды зәру адаммен шын жүректен бөлісу.

Өркенім өссін десең,
Кекшіл болма —
Кесапаты тиер еліңе.
Елім өссін десең,
Өршіл болма
Өскеніңді өшіресің.
Жанашыры жоқ жарлыға
Жәрдемші бол асыға,
Қиын қыстау күндерде Өзі келер қасыңа

Елбасы "Болашаққабағдар:руханижаңғыру" мақаласында қазіргі жаһандану заманында ұлттық бірегейлікті сақтап қалу, өркениеттің жақсысын алып, жаманынан жирену жөнінде өте құнды пікірлер айтқан болатын. Ендігі міндет – осы айтылғандарды іске асыру жолында аянбай еңбек ету. Ең бастысы – бағыт-бағдарымыз анық, жолымыз жарқын.Ертеңге талпыныс, болашаққа бағдар, игі іске ұмтылыс – адамзатқа тән құбылыс. Ендеше, көп болып, асыл арманына қол созғандарға сүйеніш болып, қолымыздан келген көмегімізді аямайық. Бала сенімінің нық болуына қадам жасайық, -деп бүгінгі шараның құрметті қонақтарымен таныстырып өтейін.

 

1.Орымбас Бағдат Ақжігітқызы – аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі

2.Үмбетов Рүстем – аудандық білім бөлімінің әдіскері

3.Баймаханов Болатбек Құрманбайұлы – ауыл әкімі

4.Абдірахманов Аманқос – «Шындалы қожа» мешітінің имамы

5.Кәдірбаева Жаңыл – ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы

6.Ардагер ұстаздар

Жүргізуші:

«Адам баласынан мейірім қашса, жер бетінен жақсылық қашады» - деген екен данышпан халқымыз. Шынайы мейірімді болу-өзіңнен гөрі адамдар мен айналаны қоршағандарға қамқор болу дегенді білдіреді. Ол рақымшылдық пен аяушылық. Мейірімді кісі әрқашан басқаларға көмекке келіп, әр кез жақсылық жасағысы келіп тұрады. Жерде жетім жыласа, көкте періште қайғырады дейді. Қазақтың дәстүрлі әдеп жүйесінде мейірімділік адамдар арасындағы адамгершілік, ізгілік пен ізеттілік, имандылық пен инабаттылық секілді асыл қасиеттермен үндестік тапқан. Ж.Баласағұн "кір тигізбей ұста ойыңның өресін, мейірім етсең — мейірімділік көресің” деп, мейірімділікке зор мән берген.
Кезінде Абай атамыз да өзінің қара сөздерінде «Тірі адамның жүректен аяулы жері жоқ» деген екен . Сонымен мейірімділік деген сөзді қалай түсінеміз? 
Бір сәт экранға назар аударайық. Бейнебаян (Мейірімді болуды үйренейік!)

 

Жүргізуші:

Тәуелсіз ел атанып, төбемізге ту тігіп, тіліміздің мәртебесі артып, әлемге атымызды танытып жатқан кезеңде ұлттың, елдің болашағы-жас ұрпақ тәрбиесіне де мықты көңіл бөлінуде. Осы егеменді, тәуелсіз Қазақстанда өркениетке бастар жолдың бастауы мектеп десек, мектептің басты тұлғасы, жүрегі-мұғалім. Сондықтан бүгінгі алғашқы сөзді мектебімізде ұзақ жылдар бойы үздіксіз еңбек еткен, саналы ұрпақ тәрбиесінде алар орны ерекше, кейінгі жас буынға үлгі-өнеге болған, жүрегі мейірім-шапағатқа, жан жылулығына толы ардагер ұстаздарға берсек.

Адам өміріндегі ең игі істердің бірі - мұқтаж жандарға қамқорлық жасау. Адамдар бір-біріне көмек қолын созу арқылы жақсылыққа қадам бастайды. Бұл туралы Абай атамыздың қара сөздерінде айтылған. Он төртінші қара сөзінде: "Нағыз жүрек ісі рақымдылық, мейірбандылық және әр түрлі істе адам баласының бәрін өзіне тартып, бауырым деп өзіне ойлағандай оларға да болса игі еді" - делінген. Бұл нақылда әр адамның көкірегіндегі бір жапырақ ет өзін ғана емес өзгелер жайын да ойлап жүрсе заман келбеті өзгермес деген ой да жетелейді. Ал, біздің қонақтарымыз бұл жайлы не дейді екен, өздерінен сұрап көрсек.

-Қалай ойлайсыздар, қазіргі таңда «мейірім» сөзінің мәртебесі қаншалықты дәрежеде?

(қонақтарға сөз беру)

Жүргізуші:

Адам бойында қалыптасқан, халқымыздың асыл, абыройлы қасиеттерін көрсететін әдептілік, имандылық, мейірімділік, қайырымдылық, ізеттілік, қонақжайлылық іспеттес небір құндылықтары бар. Осындай асыл құндылықтар адам баласының тегіне байланысты десек, қателеспейміз. Бала дүние есігін ашқаннан бастап, өмірге деген қызығушылығы артып, көп нәрсені тани бастайды. Жүрген ортасына қарай баланың мінез-құлқы қалыптасып, өмірге деген көзқарасы өзгереді. Адам бойындағы небір сезімдер мен адами қасиеттер нақ осы кезде көрініс табады. Ата-ананың балаға деген көзқарасы , берген тәрбиесі, болашақта баланың бойында қалыптасатын адами қасиеттеріне зор әсерін тигізеді. Жас баланы мейірімділікке, ізгілікке бөлейтін, әрине, ата-ананың жылуы, отбасындағы жайлылық. Сондықтан адам бойындағы барлық адами құндылықтар мен жарқын мінездердің қалыптасуы тікелей отбасындағы тәрбие мен ата-ананың балаға деген көңіліне байланысты екені хақ. Адам бойындағы сондай бір жарқын, ізгіліктің нұры бастау алатын адами құндылықтарының ең көркемі- мейірімділік. Бұл қасиет адам баласын тек жақсы қырынан көрсетіп, адамгершілікке жат қылықтардан аулақтатады. Бірақ өкінішке орай, қазіргі таңда адам баласын ізгілік пен мейірімділіктен гөрі , оған тіпті қарама-қайшы жат қасиет- қатігездік билеуде. Біздіңше, бұл тек әр пенденің жастайында көрген тәрбиесіне ғана емес, оның өсіп-өнген, қоршаған ортасына да тығыз байланысты. Бұл туралы сіздердің көзқарастарыңыз қалай?

Жүргізуші:

Кісіге адамшылық неге керек?

Адамдық – өзге айуаннан артық демек.

Ит талаған төбеттей қалай дейсің,

Аямай әлі келгенін жұтып жемек.

Мейірім – жақсы, залымдық жаман дейсің,

Қасқырлыққа қайтесің құр дөңгелеп.

Жаны ашып, ешбір жанға жәрдем қылмай,

Өткен адам – өсіп-өсіп құлаған бір бәйтерек.

Мемлекет қазіргі таңда даму мүмкіндігі шектеулі жандарға айрықша назарын аударып, қамқорлық көрсетіп отыр. Бұл қамқорлықтың бәрі Елбасының халыққа жолдауында, ҚР Білім туралы заңында басты назарда болып, айтылды. Бүгінгі шарамыздың кейіпкері, «Шапағат» сауықтыру орталығының тәрбиеленушісі Олжас Боташовты әжесімен бірге ортаға шақырсақ.

(Күлпаш апаға сөз беру)

Жүргізуші:«Жылуы жоқ үйден без, қайырымы жоқ биден без»,- дегендей қайырымдылық, адамгершілікті биік ұстап, кісілікті ту етіп, көкірегі қаяу, жаны жаралы жанның жасын сүртіп, жылы лебізіңізді аямай, қолдан келген жәрдеміңізді ұсынып, аналық пейіліңізді танытқаныңызға үлкен ризашылығымызды білдіреміз. «Табиғаттағы барлық жылу күннен, өмірдегі барлық жылу – адамнан» — демекші, бір-бірімізге деген қамқорлығымыз бен бауырмалдығымыз шынайы болып, азаймаса екен.

Жүргізуші:

Қайырымдылық — халқымыздың ең ізгі қасиеттерінің бірі. «Жанашырлыққа — жан риза» дегендей қамқорлыққа алынған балалардың жанашыр қамқоршысы болып, аялы алақанын тосып, жүрек жылуын ұсыну, сауабы мол іске ат салысу әрбір адамның азаматтық парызы.
Адам өміріндегі ең игі істерінің бірі – мұқтаж жандарға қамқорлық жасау. Адамдар бір — біріне қайырымдылық, мейірімділік таныту арқылы жақсылық жасайды.Қамқорлықты қажет ететін жандарға қол ұшын беру арқылы адам баласы жақсылыққа қадам бастайды – демекші мектебімізде бір апта бойы «Мейірімді жүрек» акциясы жүріп жатыр.Оқушылар арасында кішіпейілділік, мейірімділік, достық қасиеттерді жоғары ұстау мақсатында еркін тақырыптар бойынша сурет салу, эссе, өлең жазу байқаулары ұйымдастырылды. Сонымен қатар «Кітапханаға кітап сыйла!» тақырыбында акция ұйымдастырылып, кітапхана қорына 50 дана кітап қосылды. Қайырымдылық акциясына қолдау көрсетіп, көмекке зәру адамдарға қол ұшын берген барша аза­мат­тарға алғыс айта отырып, бұл үрдіс әлі де жалғасын табады дегіміз келеді.

Осы акция аясында біздің бүгінгі кешіміздің кейіпкері, Олжасқа мектебіміздің атынан сыйлықтарын ұсынып, жүрекжарды лебізін білдіру үшін мектебіміздің директоры Бақыт Бейбітұлын ортаға шақырамыз.

Ән: Бөбек тілегі

Жүргізуші:

Адамзат мәдениетінің дамуында халық игілігіне қызмет етуде, қазақ зиялыларының да ұрпақ мүддесіне қосқан өз үлесі бар. Қазақта «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» деген нақыл бар. Осы орайда өз қаржысымен демеушілік жасап, қазаққа тән жомарттығымен көзге түсіп жүрген ер-азаматтарымызды айта кеткен жөн болар. Ол – ауылымыздың түлегі Самат Ордабай халық игілігіне пайдаланатын, имандылық үйі – мешіт салдырған болатын. Жан-жағына жақсылық жасап, жаралы жандардың жанын жадыратуға себепші бол­ған осындай жандарға не жет­сін?!

Адамзатты адамгершілік тұғырына жетелейтін, адалдыққа, мейірімділікке, парасаттылыққа апаратын жол – имандылық. Міне, осындай қасиеттерді бойына сіңіріп, халықты имандылыққа, сабырлыққа шақыратын адамдардың бірі – «Шындалы қожа» мешітінің имамыАманқос мырзаны ортаға шақырсақ.

-Жалпы бүгінгі тақырыпқа сіздің өзіңіздің пікіріңіз қандай? Қазіргі таңда жастарымыздың бойында мейірім деген нәрсе қалыптасқан ба?

 

Жүргізуші:

Ана халық ұғымында жаратушы. Олай дейтініміз табиғатты да, адамды да дүниеге әкелуші ана. Табиғаттың қай жаратылысын алып қарамайық, бәрі де адамдарға мейірімін сыйлайды. Мәпелеп, аялап бар жақсылығын мейірімін бәріне бірдей көрсетеді. Адамдар да дәл солай жасауы тиіс. Сондықтан да халық даналары «Мейірімділікті анадан үйрен» деген. Ендеше бүгінгі тақырыпқа байланысты өзінің лебізін білдіру үшін ортаға ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы Жаңыл апайды шақырамыз.

Құрметті Жаңыл апай, жастарға тәлім-тәрбие, үлгі-өнеге ретінде өзіңіздің өміріңізде орын алған ізгілік, қайырымдылық туралы айтып өтсеңіз.

 

Жүргізуші:

Мұхаммед Пайғамбарымыз өсиетінде былай дейді «Өзінің не өзгенің жетім балаларын балиғатқа жеткізіп, адам етіп шығарған адамның орны тек қана жаннат». Ендеше қымбатты қамқоршылар, панасызға пана болып, қамқорсызға қамқор болу, тағдырдың жазғаныменен жаралы болғандарға жәрдем беру,жас ұрпақтың бойына адамгершілік, ізгілік, қамқорлық,қайырымдылық сияқты асыл қасиеттеріңіз үшін бас иеміз. Және де осындай халқы үшін жақсылығын аямаған мейірімді жандарымыздың әлі де арамызда бар екеніне кәміл сенеміз!

 

Жүргізуші:

«Мейрімділік — жүректен» — дейді дана халқымыз. Кезінде Абай атамыз да өзінің қара сөздерінде «Тірі адамның жүректен аяулы жері жоқ» — деген. Махаббат барлық адамгершілік бастауы десек, адам жүрегі махаббатқа сүйіспеншілікке толы болса ғана: мейрімділік, адалдық сияқты асыл қасиеттер байқалып тұрады. Бар мейрімділік, ізгілік, рақымдылық, имандылық, бауырмалдық, секілді ізгі қасиеттер жұдырықтай жүрегімізден шығуы қажет.

«Өмір-ай» шағын көрініс

Қазіргі жастар тәрбиесінде жүректі ізгілендіру, жүректі нұрландыру арқылы адам жанына әсер ету үрдісі кең қолданылып келеді. Бұл тұрғыда ХХІ ғасырдың көзі ашық, көкірегі ояу жастары не айтар екен? (Жоғары сынып оқушыларына сөз беру)

Көрініс: «Жылы сөз»

 

Жүргізуші:Адам өмірде екі нәрсемен қартаймайды, біріншісі-қайырымды ісі, екіншісі- жүректен шыққан жылы сөзі. Әрқашанда бір-бірімізге жылы сөздер айтып, бір-бірімізге қайырымды болайық. Мейірімді болса жүрек – орындалар тілек.
Өзін ғана ойлаған,
Жамандықтың белгісі.
Өзгені де ойлаған,
Адамдықтың белгісі.

Әр кез жүрегіміз кең, пейіліміз ақ болып жақсылық жасауға ұмтылып тұрайық!!!

 

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінімен бүгінгі танымдық шараны қорытындылау үшін аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі Бағдат Ақжігітқызына сөз кезегін ұсынсақ.

Жүргізуші:
Бақыт жайлы пікір айтып, қызулы топ таласты,

Бірі айтады: бақыт деген барлық, байлық емес пе

Керегінше киіп, ішсең, «Бақыттысың» демес пе

Бірі айтады: «Жоқ, бақыт деген қолың емес, мансап қой,

Жұрттан гөрі жүрсең ерек, соның өзі жақсы ат қой»

Бірі айтады: «Бақыт деген жүйрік мініп, той тойлау,

Ісің болмай күйбеңменен, қарын тойса, ойын ойнау»

Бірі айтады: «Бақыт деген адал жар мен перзент қой!

Ынтымаққа ырыс келген, ол да саған келмек қой!»

Пікірлердің таласына осылай мен жолықтым,

Бақыт адам баласына келмес оңай, соны ұқтым,

Безбеймін мен байлықтан да, баладан да, жардан да,

Мансап жетпес бар адамға, үлестіріп алғанда.

Үміт үзбей іздейді олар, таңдап сол бір уақытты.

Оны алыстан іздемегін, жүректен тап бақытты !- деп ақын жырлағандай, бір бірімізге бақыт сыйлар жүрек жылуымыз, мейіріміміз сарқылмасын! Алақан жылуын, мейірімділікті аңсаған әрбір жанның жүрегіне жылылық ұялатып,бақыт сыйлау борышымыз. Ендеше, болашағымыз жарқын, ұрпағымыз бақытты болсын десек, бір- бірімізге қолдан келер қамқорлығымызды аямайық, ағайын! Осымен «Мейірімді болса жүрек – орындалар тілек» атты танымдық шарамызды аяқтай келе, әр отбасыға бақыт, амандық- саулық тілейміз! Қош сау болыңыздар.